Қазақ батыры әйгілі UFC-дің жобасында өзбек жауынгеріне қарсы шығады

Қазақ батыры әйгілі UFC-дің жобасында өзбек жауынгеріне қарсы шығады

фото: Meta-ratings.kz. Суретте: Әліби Ыдырыс

Қазақстандық ММА шебері Әліби Ыдырыстың әйгілі UFC жобасы – The Ultimate Fighter 33 (TUF 33) реалити-шоуындағы алғашқы қарсыласы анықталды. Жекпе-жек жобасының төртінші эпизодында Әлібиге қарсылас ретінде өзбекстандық Фуркатбек Екүбов белгіленді. Қазақ спортшысы атақты Даниэль Кормьенің командасында, ал Екүбов – Чейл Соннен баптайтын командада.

Әліби Ыдырыс (10-0, 6 жеңіс – уақытынан бұрын) – Naiza FC-дің бұрынғы чемпионы. Ол осыған дейін Теймур Жапаров (15-3-2) пен Джохар Эскиев (11-4) сынды мықтыларды жеңген. Соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың мамырында өткізіп, Эдилсон Сантос-кішімен кездесуде нокаутпен жеңіске жетті.

Фуркатбек Екүбовтың (13-4, 12 ерте аяқталған жеңіс) да тәжірибесі мол. 2017 жылдан бері өнер көрсетіп жүрген әмбебап файтер. Ол соңғы кездесуінде LFA лигасында бразилиялық нокаутшы Флавио Де Кейресті (14-5) есінен тандырған болатын.

Әліби мен Фуркатбек арасындағы қызу жекпе-жек 25 маусымда көрсетілетін бесінші эпизодта өтеді.