фото: threads.com/@sem_semych
Астанадағы №21 "Гүлдер" балабақшасында тәрбиеші көмекшісінің тарапынан балаларға физикалық күш қолданудың 19 жағдайы анықталды. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, соңғы жарты жылда балалар жүйелі түрде қысым көріп келген. Жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ата-аналар мен бақылаушылардың айтуынша, балабақша ұжымы – тәрбиешілер, меңгеруші мен әдіскер – бұл жайттан хабардар болған, бірақ шара қолданбаған.
Бақылау камераларының үш күндік жазбасын зерттеу нәтижесінде 19 эпизод анықталды. Астананың Білім басқармасы бұл фактіні растады.
Қазір тәрбиеші көмекшісі жұмыстан шығарылып, іс материалдары полицияға берілді. Қалалық білім басқармасы бейнебақылау жазбаларында физикалық күш көрсету әрекеттерінің расталғанын мәлімдеді.