Қазақстандық кәсіби коуч және педагог-психолог Мира Ерланқызы қоғамда жиі талқыланатын тақырып — әйелдердің денсаулығы мен бала тәрбиесі жөнінде тың пікір білдірді. Журналист Жанар Байсеміздің подкасында ол бала мен ана арасындағы байланысты, көпбалалылықтың физиологиялық және психологиялық әсерін, сондай-ақ балалардың әлеуметтену мәселесін сөз етті.
«Қазақ баласы — жасық емес, дер кезінде әлеуметтенбеген»
Коучтың айтуынша, қоғамда жиі айтылатын «қазақтың баласы жасық» деген тұжырым шындыққа жанаспайды. Оның пікірінше, мәселе балалардың уақытында әлеуметтенбеуінде. «Бала өмірге келген сәттен бастап түрлі дағдарысты кезеңдерден өтеді. Әсіресе 1-1,5 жас арасында бала сепарация кезеңін бастан кешеді — анадан ажырап, өзін жеке тұлға ретінде тануға талпынады. Ал дәл осы кезеңде кей аналар екінші баланы дүниеге әкеледі. Соның кесірінен бірінші бала психологиялық күйзеліс жағдайына тап болады», – дейді Мира Ерланқызы.
Жиі босану – ананың рухани және физикалық қажуына әкеледі
Коуч балалы болуға қарсы емес екенін, бірақ әр босанудың арасында ағзаның қалпына келуіне мүмкіндік беретін үзіліс болу керектігін айтады. «Мамандар бір баладан кейін дені сау екінші сәбиді дүниеге әкелу үшін кемінде үш жыл уақыт керек екенін айтады. Өкінішке қарай, қазақ әйелдерінің көбі жиі босанады. Соның салдарынан 40 жастан кейін денсаулығында қиындықтар туындайды», – дейді ол.
Рухани эмбрион кезеңі — баланың тұлғалық қалыптасуында шешуші уақыт
Коуч үш жасқа дейінгі баланы ғылымда «рухани эмбрион» деп атайтынын еске салып, дәл осы аралықта баланың ішкі дүниесі, мінезі, қабілеті қалыптасатынын айтты. «Ана мен бала арасындағы байланыс үзіліссіз, терең болуы тиіс. Егер ана осы уақытта бос емес, басқа баламен айналысып жатса, үлкен бала рухани аштықта қалады», – дейді ол.
«Сапалы бала» тәрбиелеудің бір жолы — араға уақыт салу
Мира Ерланқызы өзі танитын көпбалалы ананың тәжірибесін мысалға келтірді. «Менің құрбым бірінші баласын 26 жасында туды. Кейін әрқайсысының арасы 4,5 жыл болатын төрт бала туды. Ол «әр балама жеке көңіл бөлуге, дұрыс тәрбие беруге мүмкіндігім болды» дейді. Бүгінде балаларын көріп, мен «сапалы балалар» деймін», – дейді спикер.