фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі
Алматылық "Қайрат" клубы негізгі легионерлерінің бірімен қоштасуға жақын. Ресейлік қорғаушы Егор Сорокиннің командадағы болашағы айқындалып, футболшының келесі маусымда Ресей премьер-лигасына қайта оралуы ықтимал, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Mash на спорте мәліметінше, «Қайрат» Сорокинмен келісімшартты ұзартудан бас тартқан. Қазірдің өзінде РПЛ-дің ортаңғы топтағы бірнеше клубы тәжірибелі қорғаушыға қызығушылық танытып отыр. Алматылық клуб та ойыншымен қоштасуға дайын екенін жасырмайды.
Сорокиннің орнына «Қайрат» Финляндияның КуПС клубында ойнап жүрген қорғаушы Самули Миеттиненді шақыруды жоспарлап отыр. Фин футболшысының келісімшарты жыл соңында аяқталады, бұл қазақстандық клубқа оны еркін агент ретінде алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жуырда «Қайрат» Миеттиненнің отандасы әрі бұрынғы командаласы Яакко Оксаненмен келісімшарт жасасқан еді. Сондай-ақ словениялық қорғаушы Свен Карич («Пари НН») те ықтимал трансфер ретінде қарастырылған. Алайда бұл нұсқаның жүзеге асуы екіталай, себебі ойыншының Ресей клубымен ұзақ мерзімді келісімі бар, әрі «Қайрат» оған жоғары жалақы ұсынуға дайын емес.
Егор Сорокин – Санкт-Петербург пен Қазан футбол мектептерінің түлегі. Ол бұған дейін Ресейде «Нефтехимик» пен «Краснодар» клубтарының намысын қорғаған.
Еске сала кетейік, «Қайратты» алда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде маңызды екі кездесу күтіп тұр:
– 2026 жылғы 20 қаңтарда Астанада бельгиялық «Брюггеге» қарсы ойнайды;
– 2026 жылғы 28 қаңтарда Лондонда ағылшынның «Арсеналымен» кездеседі.