"Өмір бойы төрде отырамын деп ойладым": Бейбіт Ыстыбаев жеке өмірі туралы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

"Өмір бойы төрде отырамын деп ойладым": Бейбіт Ыстыбаев жеке өмірі туралы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

фото: ашық дереккөзден

«Қазақстан барысының» үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында спорттық мансабында жіберген қателіктері мен кеш түсінген шындықтары туралы ашық айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Белгілі балуанның айтуынша, чемпион атанған сәтте көп спортшы секілді өзі де қошемет пен құрмет мәңгілік болады деп ойлаған.

«Қазір жас спортшылармен сөйлескенде бір нәрсені түсінбейтінін байқаймын. Чемпион болсаң, өмір бойы төрде отырамын деп ойлап қаласың. Мен де солай ойладым. Бірақ бұл – уақытша дүние екен», – дейді Ыстыбаев.

Ол спортшылардың мінезі ауыр, тез ренжитін болатынын да жасырмады.

«Палуандарды жұмсаудың да өз әдісі бар. Қатты сөйлессең – тыңдамайды. Ал жылы сөзбен айтсаң, бәрін істеп береді. Мұндай кезеңнен біз де өттік», – дейді ол.

Бейбіт Ыстыбаев жастардың уақыттың қадірін көбіне кеш түсінетінін атап өтті.

«Өзіміз де кеш ұқтық. Әлем чемпионы болуға мүмкіндік болды. Бірақ режим сақтамадым: жаттығуды өткізіп алдым, бару керек жерге бармадым, ұйықтап қалдым. Жас кезімде қырсық болдым. Өзіме тым сенімді едім», – деп еске алады балуан.

Ол Таразда өзіне тәлім берген жаттықтырушысының сөзін де мысалға келтірді.

«Серік ағайым үнемі: “Сенің де орныңды басатын біреу табылады” деп айтатын. Ол кезде мән бермедім. Кейін бәрі рас екенін түсіндім. Спортта тәртіп пен режимді бұзбаған адам ғана шыңға шығады», – деп түйіндеді Бейбіт Ыстыбаев.