фото: ашық дереккөзден
Эквадорлық "Барселона" футбол клубының қорғаушысы Марио Пинейда Гуаякиль қаласында көз жұмды. Футболшы 33 жаста болған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Клубтың X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Марио Пинейданың қазасы туралы хабарланды.
"Барселона" футбол клубы ойыншымыз Марио Пинейданың шабуыл салдарынан қаза тапқанын үлкен өкінішпен хабарлайды. Бұл қайғылы хабар клубпен байланысты барша жандарды қатты күйзелтті", – делінген клубтың мәлімдемесінде.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, шабуыл сәрсенбі күні Гуаякиль қаласының солтүстік ауданында болған.
Алдын ала дерек бойынша, екі белгісіз адам мотоциклмен келіп, футболшыға, оның анасына және сол сәтте қасында болған тағы бір әйелге оқ жаудырған.
Марио Пинейда "Барселона" сапында өнер көрсетіп жүргенде Эквадор чемпионатын екі рет, сондай-ақ ел Кубогын бір рет жеңіп алған.
Сондай-ақ ол 2014-2021 жылдар аралығында Эквадор ұлттық құрамасында ойнап, 9 матчқа қатысқан.