фото: Erik Verduzco / Las Vegas Review-Journal. Суретте: Геннадий Головкин
Геннадий Головкин – қазақ боксының ғана емес, әлемдік кәсіпқой рингтің аңызына айналған есім. Орта салмақтағы ұзақ жылдық үстемдігі, нокауттар сериясы, әлем чемпионы атақтары мен тарихи жекпе-жектер оның мансабын алтын әріппен жазды. Алайда осы ұлы жолда орындалмай қалған бір арман бар – Олимпиада чемпионы атану, деп жазады Sportinside.kz.
PlanetSport порталы кәсіби бокста айрықша жетістікке жеткенімен, Олимпиада алтынын жеңіп ала алмаған боксшылардың тізімін жариялап, олардың қатарында Геннадий Головкиннің де есімін атады. Бұл – бір қарағанда "сәтсіздік" болып көрінгенімен, шын мәнінде спорт тағдырының күрделі бұрылысы еді.
2004 жылы Афины Олимпиадасына Головкин орта салмақтағы басты фаворит ретінде келді. Ол бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын (2000), Азия ойындарын (2002) және әлем чемпионатын (2003) жеңіп, әуесқой бокста өз мықтылығын дәлелдеп қойған еді.
Олимпиада жолында GGG алғашқы екі жекпе-жегін айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға шықты. Онда америкалық Андре Дирреллмен кездесіп, бір жыл бұрынғы тартысты жеңілісінің қарымтасын қайтарды. Бұл жекпе-жек Головкиннің мінезін, қайсарлығын көрсеткен шешуші сәттердің бірі болды.
Алайда алтын медаль үшін өткен финалда қазақстандық боксшы ресейлік Гайдарбек Гайдарбековке жол берді. Тәжірибелі, екі дүркін Олимпиада жүлдегері атанған қарсыласынан ұтылған Головкин Олимпиаданы күміс медальмен аяқтады.
Олимпиада алтыны – әрбір спортшының бала күнгі арманы. Геннадий Головкин үшін де бұл мақсат ерекше мәнге ие болды. Ол көпшілік сияқты Олимпиададан кейін бірден кәсіпқой боксқа кетпей, 2006 жылға дейін әуесқой рингте қалды. Бұл – алтынға қайта бір мүмкіндік іздеген ішкі үміттің белгісі еді.
Кәсіпқой боксқа өткеннен кейін Головкин орта салмақта нағыз аңызға айналды. WBA, WBC, IBF чемпиондық белбеулерін біріктіріп, өз дәуірінің ең қауіпті нокаутшыларының біріне айналды. Ал Сауль "Канело" Альвареспен болған трилогия оның есімін бокстың мәңгілік тарихына енгізді. Көп сарапшылардың пікірінше, бұл жекпе-жектерде де әділет Головкин жағында болуы тиіс еді.