"Шұғыл! Ақша керек": Назым Қызайбай Олимпиададан соң берілген қымбат көлігін сатпақшы (ФОТО)

"Шұғыл! Ақша керек": Назым Қызайбай Олимпиададан соң берілген қымбат көлігін сатпақшы (ФОТО)

фото: sportinside.kz коллажы

Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жеке бокс залын ашуды жоспарлап, осы мақсатқа жету үшін Олимпиададан кейін сыйға алған көлігін сататынын хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.

Атақты спортшының айтуынша, ол 2025 жылға үш үлкен мақсат қойған. Олар үш дүркін әлем чемпионы атану, ата-анасына кең үй сыйлау, өзінің жеке бокс залын ашу.

Назым осы үш арманның екеуін орындап үлгергенін айтып, үшінші жоспарға кірісетінін мәлімдеді.

"Жыл аяқталып келеді. Сондықтан соңғы арманымды да биыл жүзеге асырғым келеді. Қазір кішігірім ғимаратты қарап қойдым. Осыған байланысты бір хабарландыру жасағым келді: өз көлігімді сатамын. Бұл көлік маған Олимпиададан кейін сыйланған. Бір жылдан аса міндім, жағдайы жақсы. Көлікті жақсы көремін, бірақ мақсатым үшін бұл шешімге дайынмын. Қызығушылық танытқандар маған немесе ағама хабарласа алады", – деп жазды спортшы.

Айта кетейік, бұған дейін Назым Қызайбайға Zeekr, Mini Cooper және Lixiang L7 маркалы жаңа автокөліктер тарту етілген болатын.