Тарихи күн! Екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өз үйіне оралды (ВИДЕО)

Тарихи күн! Екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өз үйіне оралды (ВИДЕО)

фото: sportinside.kz коллажы

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов дүбірлі доданы артқа тастап, өз үйіне оралды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Дубайда өткен ІВА ұйымдастырған бокстан әлем чемпионатында 54 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанып, тарихи жетістікке жеткен Сәкен Бибосынов туған жеріне оралды. Әлеуметтік желіде тараған видеода Сәкеннің жақындары, отбасы боксшыны ерекше құрметпен, сән-салтанатпен күтіп алғанын көруге болады. Сонымен қатар боксшының қасында ұстазы, жеке бапкері Мырзағали Айтжанов та жүр.

БАӘ-нің Дубай қаласында өткен әлем чемпионатының финалдық жекпе-жегінде Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңіп, алтын медаль жеңіп алды.

Сәкен Бибосынов әлем чемпионатының төрінде жеңімпаз атанған соң, қазақ халқына ыстық ықыласын жеткізген еді.

"Екі дүркін әлем чемпионы болу оңай болған жоқ. Талай сын, жарақат, жеңіліс – бәрі артта қалды. Қарсыласқа кеткен жекпе-жектер де болды, қанша сын айтылды – бәрін естідім. Бірақ мен тоқтаған жоқпын. Бірақ мен берілуге жол бермедім. Бірақ мен жеңістен бас тартпадым. Себебі чемпиондық – сөзде емес, мінезде. Шынайы жеңіс шыдамдылық пен жігерден туады. Аллаға шүкір, бағым жанды – бүгін мен әлем чемпионымын", – деп жазды Сәкен Бибосынов.