фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Абылайхан Жүсіпов
Өзбекстандық Yuz.uz басылымының журналисі Абылай Камалов Дубайда (БАӘ) өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатындағы төрешілер шешімін сынға алды. Ол қазақ боксшысы Ерасыл Жақпековтің ресейлік Джамбулат Бижамовпен болған кездесуіндегі дау тудырған жеңілісін атап өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалда Жақпеков Бижамовқа 1:4 есебімен жол берген. Бұл ретте қазақ боксшысы үшінші раундта ресейлікті нокдаунға жібергеніне қарамастан, жеңіс қарсыласына берілген.
Журналистің айтуынша, төрешілердің даулы шешімі чемпионаттың бүкіл кестесіне әсер етіп, финалда Өзбекстан мен Қазақстан боксшыларының кездесуі мүмкін еді.
"Жавохир Умматалиев (-80 кг) финалда ресейлік Джамбулат Бижамовқа бір ауыздан жеңілді. Сол Бижамов – Ерасыл Жақпековпен жекпе-жекте төрешілер құлағынан тартып алып шыққан боксшы. Түсініктеме жоқ. Әйтпесе Умматалиев пен Жақпеков арасында керемет финал болуы мүмкін еді", – деп жазды журналист.