Дубайда (БАӘ) өткен IBA тұжырымы бойынша әлем чемпионатының финалында жеңіліс тапқаннан кейін қазақ боксшысы Сабыржан Аққалықов алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
IBA аясындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Instagram парақшасында Дубайдағы көрікті орындар фонында түсірілген бірнеше суретті жариялаған.
"Бәрі өтеді. Бұл да өтеді!", – деп жазды спортшы.
75 келіге дейінгі салмақта финалға шыққан Сабыржан Аққалықов Ресей боксшысы Исмаил Муцольевпен жұдырықтасқан. Жекпе-жек нәтижесінде Муцольев төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, әлем чемпионатынан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов финалдағы төрешілер шешімімен келіспейтінін ашық айтқан болатын.
IBA әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Құрама қоржынына үш алтын, бір күміс және екі қола медаль түсті.