Әлем чемпионатында жүлде алған боксшылар сыйақыларын ала алмайтын болды

Әлем чемпионатында жүлде алған боксшылар сыйақыларын ала алмайтын болды

фото: Ueslei Marcelino - Pool/Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов

Дубайда өткен IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алғанына қарамастан, отандық боксшыларға мемлекеттен қаржылай сыйақы төленбейтін болды, деп хабарлайды 1bol.kz.

Бұл шешім халықаралық спорт ұйымдарының мәртебесіне қатысты заңнамалық талаптарға байланысты қабылданды.

Тартысты додада Қазақстан үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. IBA тарихтағы ең ірі жүлде қорын ұсынып, оның жалпы көлемі 8,3 миллион долларды құрады. Ұйым тарапынан алтын иегерлерге 300 мың доллар,күміс жүлдегерлерге 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар, жартылай финалистерге 10 мың доллар төленді.

Ал Қазақстан заңнамасы бойынша, әлем чемпионатында топ жарған спортшыларға әдетте мемлекет тарапынан алтынға 15 мың доллар, күміске 7 мың доллар, қолаға 5 мың доллар көлемінде сыйақы берілуі тиіс.

Алайда Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшаловтың түсіндіруінше, мемлекет сыйақыны тек Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мойындаған ұйымдар өткізетін ресми турнирлерге ғана төлей алады. Қазіргі кезде ХОК World Boxing ұйымын таниды, ал IBA ресми мойындалмаған.

Сондықтан IBA ұйымдастырған бұл чемпионаттағы жетістіктер үшін мемлекеттік сыйақы төленбейді.

Қазақстанның IBA әлем чемпионатындағы жүлдегерлері:

Алтын:
• Сәкен Бибосынов (54 кг)
• Оразбек Асылқұлов (57 кг)
• Абылайхан Жүсіпов (71 кг)

Күміс:
• Сабыржан Аққалықов (75 кг)

Қола:
• Теміртас Жүсіпов (48 кг)
• Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг)