фото: ашық дереккөзден
Айтым Жақыповтың JanaMen атты әлеуметтік жобасы уақытша жабылады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл туралы Айтым Жақыпов TikTok парақшасында айтты. Жақыповтың сөзінше:
"Кадр сыртында өте көп жұмыс бар. Сол себепті жобаны аздап тоқтатуға тура келеді. Қазір шағын өзгерістер болады. Әлеуметтік желілерді белгісіз мерзімге толық өшіруіміз мүмкін, жоба туралы ешқандай ақпарат еш жерде жарияланбай қалады. Ертең әлеуметтік желілердің бәрі істемей қалса, таңғалмас үшін алдын ала айтып отырмын", – деді ол.
Айтым Жақыпов шешімнің нақты себептерін түсіндірген жоқ. Комментарийлерде қолданушылар бұл АҚШ-қа сапармен байланысты болуы мүмкін екенін болжаған. Айтым Жақыпов пен оның жұбайы жақында виза алған.
JanaMen жобасы туралы
JanaMen тарихы бірнеше жыл бұрын басталған. Айтымның операторы, 21 жастағы Әлішердің салмағы 140 келі болған. Жақыпов оны спортзалға шақырып, екі аптада Әлішер 7 келі салмақ тастаған. Осы жетістік толыққанды жобаның дүниеге келуіне себеп болды.
30 маусымда Айтым Жақыповқа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан "Шапағат" медалі табысталды. Бұл марапат – қайырымдылық пен мейірімділікке ерекше үлес қосқан азаматтарға беріледі.