фото: Scott Heavey/Getty Images. Суретте: Серік Сәпиев
Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев Дубайдағы IBA әлем чемпионатына арнайы барып, қазақстандық боксшыларды қолдады. Спорт ардагері төрт финалистің де алтын алуға толық мүмкіндігі бар екенін айтты, деп хабарлайды 1bol.kz.
"Дубайға отандық боксшыларды қолдау үшін арнайы келдім. Төрт боксшымыз финалға шықты, соның үшеуі - ресейліктермен, біреуі тәжікстандық боксшымен жұдырықтасады. Жігіттеріміз жақсы дайындықпен келген, сенеміз. Сәкен Бибосынов - әлем чемпионы. Асылқұлов - мықты боксшы, Жүсіпов пен Аққалықов қарағандылық жігіттер, жақсы танимын. Қай-қайсысы да алтын алуға лайық", – деді Сәпиев.
Олимпиада чемпионы Ресей құрамасының ықпалды өнерін де атап өтті.
"Ресей боксшылары осы чемпионатта жоғары деңгей көрсетіп жатыр, 12 боксшысы финалға жолдама алды. Мықты құрамын әкелген. Бірақ біздің жігіттер аянып қалмасы анық", – деді ол.
Сәпиев төрешілікке қатысты пікір білдіруден тартынғанымен, әділ шешімдер болады деген сенімде екенін де айтты.
"Төрешілікке қатысты пікір білдіру қиын, жекпе-жектерді түгел қарай алмадым. Себебі Қазақстанда әлем чемпионатын көрсетіп жатқан жоқ. Дегенмен төрешілер әділетті шешім қабылдайды деп ойлаймын", – дейді ол.
Сонымен қатар, ол Абылайхан Жүсіповтің өзінің спорттық жолын қайталап, төртінші әлем чемпионатының медалін алуға дайын екенін ерекше қуанышпен жеткізді.
"Бұйыртса, ертең төртінші медалін иеленеді. Абылайхан Жүсіпов алтын алуға дайын деп есептеймін. Хабарласып, қолдауымды жеткіздім. Жалпы, боксшылардың барлығын қолдаймыз, жігіттерге сәттілік", – деп қорытындылады Сәпиев.