Алғашқы ауыр салмақта өнер көрсеткен бұрынғы боксшы, бір кездері Геннадий Головкинмен бірге бір командада жаттыққан Иса Ақбербаев орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ақбербаевтың сөзінше, жағдайдың өзінен гөрі оны ұйымдастырғандар күдік тудырады.
"Жәнібекке тек осы допинг мәселесінің тезірек шешілуін тілеймін. Шыны керек, бұл – өте ақымақ әрі түсініксіз жағдай. Жәнібек тәжірибелі спортшы, жылдар бойы түрлі витаминдер мен қоспаларды қабылдап келеді. Оның жанында кәсіби команда бар. Оның милдронатқа (мельдоний) "ұсталып" қалуы мүмкін дегенге сенбеймін. Біреулерге оны "құрбан ету", яғни белбеулерін тартып алып, басқа боксшылардан жылдам ақша табу тиімді болып тұрған сияқты", – деді ол.
Еске салайық, желтоқсан басында орта салмақтағы үш чемпиондық белбеу үшін өтуі тиіс болған Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы біріктіру жекпе-жегі тоқтатылған. Себебі Жәнібектің допинг сынамасынан мельдоний табылғаны жарияланған еді.
Қазақ боксшысының орнына жедел түрде Хоан Гонсалес қарсылас ретінде таңдалып, Лара оны төрешілердің бір ауыздан шыққан шешімімен жеңді.