фото: sportinside.kz коллажы
Әнші Нұрлан Еспанов қыркүйекте өткен "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы алдында туындаған дау жөнінде алғаш рет пікір білдірді. Сол кезде оның ұлы матч билетін сатпақ болды деп айыпталған еді. Өнер иесі жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын "Бірінші бол" YouTube арнасына берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Нұрлан Еспановтың айтуынша, UEFA билеттерін ресми сайттан алу қазір өте қиын.
"Билет алу оңай емес: ЖСН сұрайды, құжат сұрайды – бәрін талап етеді. Егер бізде 50 билет болса, өзім барып, ала салмаймын ба? Өзім билет таба алмай қалдым. 150 мың теңге тұратын билет шықты, кезегіміз келсе де үлгермедік. Балама Айкерім деген қыз "әлеуметтік желіге салып бере тұршы" деп өтініш айтыпты. Халық ойланбайды – UEFA сайтынан 50 билет алу мүмкін емес. Бір адамға екі билеттен ғана береді. Сол екі билетті мен қалай пайдаланам – сату да, сыйлау да – өз еркім", – деді ол.
Әнші әлеуметтік желідегі сындардың орынсыз болғанын да атап өтті.
"Маған "билет сатып жүр екен, жұмысы жоқ па" деп жазды. 50 билет алу мүмкін емес, ал алған күннің өзінде оны қалай қолданатынын әркім өзі шешеді – сатып алсын, сыйласын, бәрібір. Біздің елде іштарлық көп: білмей тұрып жаза береді. Менің балам билет сатып, жан бағып жүрген бала емес. Ол өмірінде ештеңе сатпаған. Сәкеннің баласы да, менің балам да – тұзы жеңіл, бірдеңеге тез іліне қоятындар", – деді Еспанов.