Астанада 2 маусым күні орын алған автобус апатынан екі аяғынан бірдей айырылған 8 жастағы Алуа Бекеннің емі мен протездеуге кететін барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Бұл туралы Sportinside.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс кулуарында тілшілер сұрағына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алуаға тиісті әлеуметтік көмек толық көлемде көрсетілетінін айтты.
"Біз оның жағдайынан толық хабардармыз. Анасымен де сөйлестік. Протездеу мен оңалту қызметтерін мемлекет өз мойнына алады. Қазір Егіндікөл аудандық емханасында тіркеуде тұр. Жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді", – деді министр.
Әлеуметтік қолдау шаралары
Министрдің айтуынша, Алуаға медициналық көмек көрсетілген. Екі аяқтың бірдей ампутациясы жағдайында бірінші топтағы мүгедектік белгіленуі керек. Бұл санат бойынша мемлекет тарапынан балаға ай сайын 100 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ, Алуаның анасы Махаббат та әлеуметтік көмекке ие болады. Ол мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасағаны үшін ай сайын 78 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, анасы көпбалалы отбасы ретінде де мемлекеттік қолдауға жатады.