фото: Richard Pelham/Getty Images. Суретте: Руслан Абдуллаев
Дубайда IBA туы астында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына бес қазақ боксшысы шықты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Олардың төртеуі – Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов, Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов секілді боксшылар Қазақстан атынан сынға түседі. Бесінші финалист –Өзбекстан құрамасында өнер көрсетіп жүрген Арман Маханов. Ол әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетіп, финалда ресейлік Суровпен алтын үшін айқасады.
Өзбекстанда қазақ боксшылары неге көп?
Соңғы жылдары Өзбекстанда этникалық қазақ боксшыларының жарқырап шығуы жиілеп кетті. Мысалы:
- Руслан Абдуллаев – 2023 жылғы әлем чемпионы, Париж Олимпиадасында ширек финалға жетті;
- Саят Ілиясов – 2025 жылғы U-22 Азия чемпионы, қазіргі әлем чемпионатында да рингке шықты;
- Мадияр Данияров – Өзбекстан чемпионатының жүлдегері;
- Аман Қонысбек – 2024 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген танымал боксшы (ол Асадхуджа Муйдинхуджаевты нокдаунға жіберуімен есте қалды).
Бұл құбылыстың себебі қандай? Бұған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов түсініктеме берді.
"Өзбекстанда бокстың дамуы қарқынды. Ең алдымен олар талантты балаларды анықтау үшін бүкіл өңірлерді толық зерттеді. Екіншіден, ел ішінде, тіпті балалар жарыстарында да төрешілік деңгейі жақсарды. Соның арқасында жасөспірімдер мен жастар құрамында бәсекелестік артты, бұл ұлттық құрамадағы мықтылардың көбеюіне әсер етті. Осындай іріктеу жүйесі олардың құрамында қазақ боксшыларының пайда болуына да ықпал етті. Себебі қазақтар мен өзбектердің бокске генетикалық бейімділігі бар", – деді ол.
Жаттықтырушының айтуынша, Өзбекстан құрамасының мамандары ішкі бәсекелестікті күшейтуді мақсат тұтады және дарынды спортшылардың ұлттық құрамамен жаттығуын құптайды.
"Саят Ілиясов жастар арасындағы Азия чемпионы атанған соң бірден әлем чемпионатына дайындалуға Ливерпульге кетті. Иә, ол жерде рингке шықпады, бірақ кейін Дубайда жақсы өнер көрсетті. Өзбек бапкерлері спортшыны ұлтына емес, деңгейіне қарап таңдайды. Бұл – өте дұрыс ұстаным", – деді Еділов.