"Өзбектердің айласы": Өзбекстандық әлем чемпионы Сабыржан Аққалықовпен шығудан неге бас тартты?

"Өзбектердің айласы": Өзбекстандық әлем чемпионы Сабыржан Аққалықовпен шығудан неге бас тартты?

фото: sportinside.kz коллажы. Суретте: Фазлиддин Эркинбоев пен Сабыржан Аққалықов

Дубайда бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жартылай финалға жолдама алған алты қазақ боксшысының төртеуі финалға өтті. Солардың бірі – Сабыржан Аққалықов, алайда ол бұл кезеңде қарсылассыз жеңіске жетті. Себебі оның қарсыласы, World Boxing нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы Фазлиддин Эркинбоев (Өзбекстан) жарақатына байланысты жекпе-жекке шыққан жоқ. Ресми себеп – қол жарақаты.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бұл жағдайға өз бағасын берді.

"Меніңше, бұл – жаттықтырушылардың айласы. Сабыржан әлем чемпионатында өте жоғары деңгейде өнер көрсетті және бұл жекпе-жекте жеңіске жету мүмкіндігі зор еді. Қазір өзбек мамандары 2000-жылдардың басындағы кубалықтар секілді әрекет етіп жүр. Олар Олимпиададан басқа турнирде боксшысы жеңіліп қалу қаупі болса, жекпе-жектен алып тастайтын. Биыл да Қазақстанда өткен Әлем кубогына командаларын жібермеді", – деді Еділов.

Сарапшы осындай жағдайдың 2025 жылы бұған дейін де болғанын еске салды. Ақпан айындағы "Странджа" кубогында Төрехан Сабырхан Асадхуджа Муйдинхужевпен жұдырықтасуы тиіс еді, бірақ өзбек чемпионы айқастан бас тартқан. Бейресми нұсқа бойынша, ол қажетті спорттық қалыпқа келе алмаған.

Сонымен қатар Еділов жарақат факторын жоққа шығаруға болмайтынын да атап өтті:

"Бұл – бокс. Мұнда қол жарақаты жиі болады! Эркинбоевқа да, рингке шығатын барлық жігітке де денсаулық тілеймін. 75 кг салмақта екі үздік боксшы бар – ол Сабыржан мен Фазлиддин. Екеуі де деңгейі жоғары", – деді маман.

Әлем чемпионатының финалында Сабыржан Аққалықов Ресей боксшысы Исмаил Муцольговпен алтын медаль үшін жұдырықтасады. Жекпе-жек 13 желтоқсан, сенбі күні өтеді.