"Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбеков туралы ел күтпеген тосын хабар тарады

"Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбеков туралы ел күтпеген тосын хабар тарады

фото: instagram.com/f.c.kairat. Суретте: Темірлан Анарбеков

Танымал испан басылымы Marca "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбековтың УЕФА Чемпиондар лигасындағы ойынын жоғары бағалап, оны турнирдің ең үздік қақпашысы деп атады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Marca 10 желтоқсанда жариялаған материалында Темірланның статистикалық көрсеткіштері бойынша Чемпиондар лигасының көшбасшысы екенін атап өтті.

"Еуропаның топ-лигаларына қатысы жоқ командадан шыққан футболшы әлемдегі басты клубтық турнирдің статистикалық лидері атанды", – деп жазады басылым.

Материалда Анарбековтың маусым басында ауыр жарақат алған сәті де еске алынды. "Ақтөбемен" өткен ойында қақпашы ми шайқалу диагнозымен алаңды 13-минутта тастап кетіп, командасының "Спортингке" қарсы Чемпиондар лигасындағы дебютінен, әсіресе өз алаңындағы "Реалмен" өтетін тарихи кездесуден тыс қалған еді.

Marca Темірланның тез сауығып, "Пафоспен" матчта қайта қақпаға оралғанын ерекше атап өтті:

"Ол рекордтық мерзімде алаңға қайта оралып, "Пафоспен" ойында қолғап киісімен, содан бері бір де бір матчты жібермеді. Анарбеков қақпада тұрған төрт турда команда небәрі алты гол жіберді – бұл оның қатыспаған алғашқы екі матчтағыдан үш голға аз", – делінген мақалада.

Басылымның мәліметінше, "Қайрат" – қақпаға бағытталған соққылар саны бойынша турнирдегі екінші команда (39 соққы). Соған қарамастан, Темірлан өзінің шеберлігінің арқасында турнирдің матч сайынғы ең көп сейв жасайтын қақпашысы (6,2 сейв), күтілетін голдарды ең көп тоқтатқан ойыншысы (5,9 prevented goals) ретінде танылған.

Marca Анарбековтың Қазақстан құрамасындағы ойындарын да атап өтті:

"Қараша айында ол Бельгияның 2026 жылғы әлем чемпионатына ертерек жолдама алуына мүмкіндік бермей, тағы бір керемет ойын көрсетті. Алайда Чемпиондар лигасы оның басты "визиттік карточкасына" айналды", – деп жазады басылым.