фото: Ueslei Marcelino - Pool/Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов
Британдық сарапшы Мэтт Робинсон Дубайда өтіп жатқан IBA әлем чемпионатының 1/8 финалында кездескен қазақстандық Ерасыл Жақпеков пен ресейлік Джамбулат Бижамов арасындағы даулы жекпе-жекке қатысты өз бағасын берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Робинсонның айтуынша, жекпе-жектің нәтижесі әділ болмаған:
"Көп адам бұл жекпе-жек туралы пікірімді сұрады. Өз басым Жақпеков өте сәтсіздікке ұшырады деп ойлаймын – ол жеңіске жетуі мүмкін еді, тіпті жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алатын жағдай болды", – дейді сарапшы.
Спорт сарапшысы раундтарды былай бағалаған:
1-раунд: Бижамовтың пайдасына. Жақпековтің корпусқа бағыттаған соққылары дәл тигенімен, ресейлік боксшы алдыңғы және артқы қолмен ұрғанда басым түсті.
2-раунд: Жақпеков басым түсті. Оның қысымы, қарқыны және ауыр соққылары раундты өз пайдасына шешті.
Шешуші 3-раундта, Робинсонның айтуынша, жағдай мүлде басқаша өрбіген:
"Бұл раундқа дейін төрешілердің біреуі ғана есепті Бижамовқа қарай жазып отырса, қалған төртеуі тең санаған. Жақпеков Бижамовты қатты шайқалтқаны соншалық – рефери "нокдаун" белгіледі. Осы жерде менің күмәнім бар. Бижамов мықты спортшы, бірақ рефери оның жағдайын тексерген кезде де ол тұрақсыз болды", – деп жазады сарапшы.
Ол сондай-ақ басқа жекпе-жектерде боксшылар бұдан да жақсы жағдайда тұрса да, жекпе-жектің тоқтатылғанын атап өтті.
"Бұл раунд та тоқтатылуы мүмкін еді, бәлкім, тіпті тоқтауға тиіс те болған. Бірақ жекпе-жек жалғасты", – дейді Робинсон.
Сарапшының айтуынша, бұл "нокдаун" раундты автоматты түрде 10:8 етпейді, бірақ соған қарамастан, Жақпеков әлдеқайда мықты көрінді.
Алайда жекпе-жекті қайта қарағаннан кейін төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Бижамовқа берді.
"Бұл шешімді түсініксіз деп есептеймін, бірақ таңқаларлық емес. IBA 80 кг салмақтағы ресейлік фавориттердің бірінің медальсіз қалуын қаламаған сияқты", – деп жазды Робинсон Instagram парақшасында.