Пара алды, алаяқтық жасады деп айыпталған Сәкен Мұсайбеков "Барыстың" директоры атанды

Пара алды, алаяқтық жасады деп айыпталған Сәкен Мұсайбеков "Барыстың" директоры атанды

фото: "Барыс" хоккей клубы. Суретте: Сәкен Мұсайбеков

«Барыс» хоккей клубының жаңа басшысы белгілі болды. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.

«Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қорының шешімімен «Барыс» клубының бас директоры лауазымына Сәкен Жүнісбекұлы Мұсайбеков тағайындалды.

Сәкен Мұсайбеков бұған дейін де спорт саласында түрлі жетекшілік қызметтер атқарған. Ол Қазақстан хоккей федерациясында бас директор қызметін атқарған тәжірибелі маман.

Еске салайық, ағымдағы жылдың сәуір айында Нұрлан Оразбаев «Барыс» клубының бас директоры қызметінен босатылған болатын.

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Instagram желісіндегі ресми парақшасында бұл мәселені сынап жазды.

"Бұндай абсурд бізде ғана болады... Пара алып ұсталған экс-шенеунік «Барыстың» бас директоры болды. Әңгіме Сәкен Мұсайбеков жайында. Ол 2021 жылы қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған болатын. Яғни, букмекерлік қызмет саласындағы мүдделерге қолдау көрсеткен үшін пара алған. Сәкен Мұсайбеков кінәсін мойындап, мемлекетке 62 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп құтылған еді.

Енді ол «Барыс» хоккей клубының бас директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар, Ұлттық Олимпиада комитетінде қысқы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент және Шайбалы хоккей федерациясының бас директоры қызметін де атқарады. Әп-бәрекелді!", – деді Аслан Қаженов.