фото: olympic.kz. Суретте: Серік Теміржанов
Қазақ боксшы Серік Теміржанов Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында сәтсіздікке ұшырады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
60 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалға жолдама беретін жекпе-жекте Серік Теміржанов Тәжікстан боксшысы Акмал Убайдовпен күш сынасты. Үш раундтың қорытындысы бойынша Серік Теміржанов қазылардың шешімімен жеңілді. Екінші раундта қазақ боксшысы нокдаун алып қалған.
Осылайша, ол IBA әлем чемпионатының ширек финалынан өте алмаған ұлттық құрамадағы алғашқы боксшы атанып, кем дегенде қола медальға кепіл беретін кезеңге жете алмады.
Серік Теміржанов – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2022 жылғы Азия чемпионы.
Еске салайық, IBA ұйымдастырған әлем чемпионаты 3 желтоқсанда басталды. Жалпы жүлде қоры – 8,32 млн доллар. Бұл бәсекеге дүниежүзінің 118 елінен боксшылар қатысып жатыр.