фото: t.me/olimpicgames_Kazteamfan. Суретте: Абылайхан Жүсіпов
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Дубайдағы IBA әлем чемпионатының 1/8 финал кезеңін қорытындылап, өткен жекпе-жектер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Сәтжановтың айтуынша, күннің соңғы кездесуінде Сәкен Бибосынов Беларусь боксшысын 5:0 есебімен сенімді жеңді.
"Ертең – өте жауапты күн. Ширек финал жекпе-жектерінде он боксшымыз шаршы алаңға шығады. Барлық жігітке сәттілік пен жеңіс тілейміз. Сіздердің қолдауларыңызға рақмет, жеңісіміз көп болсын", – деді бапкер.
Бас бапкер африкалық қарсыластардың ерекшелігіне тоқталып, олардың күшке салып, соққыға-соққымен жауап бере алатынын айтты. Ол Даниял Сәбитке қатысты да пікір білдірді:
"Даниялдың техника жағынан тәжірибесі мол. Қарсыласын қашықтықта ұстауы керек еді, бірақ ол айқасқа кіріп кетті. Бұл – дұрыс шешім болмады. Дегенмен жалпы жағдай жақсы. Бұл – әлем чемпионаты, мұнда әлсіз қарсылас жоқ. Әркім нокаутқа дайын болуы керек", – деді Сәтжанов.
Сондай-ақ ол Абылайхан Жүсіповтің жағдайына алаңдағандарын, бірақ жарақат анықталмағанын айтты.
Ал Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатының ширек финалына 10 боксшы өтті. 1/8 финалда Ерасыл Жақпеков (81 кг), Дәулет Төлемісов (86 кг) және Нурмагамед Юсупов (92 кг) жарысты тоқтатты.