Сәкен Бибосынов қарсыласын нокдаунға түсіріп, ширек финалға жолдама алды

Сәкен Бибосынов қарсыласын нокдаунға түсіріп, ширек финалға жолдама алды

фото: Luis Robayo - Pool / Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов

Қазақ боксшысы Сәкен Бибосынов Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында екінші кездесуін өткізіп, сенімді жеңіске жетті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

54 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан ол 1/8 финалда Танзания өкілі Факи Исса Факимен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) жеңіске жетті.

Екінші раундта рефери екі боксшыға да нокдаун санады. Ал үшінші раундта Факиге тағы бір нокдаун тіркелді.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі 2021 жылғы әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов осы нәтижесінің арқасында ширек финалға жолдама алды. Ал танзаниялық боксшы турнирді осы кезеңде аяқтады.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов алғашқы кездесуінде Ботсвана боксшысы Катлего Кеорапецені де төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен ұтқан.

IBA ұйымдастырып жатқан әлем чемпионаты 13 желтоқсанда аяқталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 8,32 млн доллар: чемпиондар 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер 150 мың доллар, қола жүлдегерлер 75 мың доллар, ширек финалға шыққандар 10 мың доллар алады.