фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: Рамазан Бағдат
Алматылық "Қайрат" клубының футболшылары УЕФА Жасөспірімдер лигасының 2025/26 маусымындағы матчта грекиялық "Олимпиакос" клубын өз алаңында жеңді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Командалар жалпы кезеңнің алтыншы, яғни соңғы турында кездескен. Ойын "Астана Аренада" өтті. Матч басталар алдында 1 желтоқсанда 46 жасында қайтыс болған "Қайрат" академиясының басшысы Кирилл Кекерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Бұл матчта алматылықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Голдарды қазақ ойыншылары салды: шабуылшы Рамазан Бағдат 4-минутта көзге түссе, жартылай қорғаушы Мұхамедәлі Әбіш 57-минутта есепті еселеді.
"Қайрат" тарихында алғаш рет УЕФА Жасөспірімдер лигасының Чемпиондар жолында жеңіске жетті. Бұған дейін команда бір рет тең ойнап, төрт рет жеңілген еді. Алматылықтар төрт ұпай жинады, бірақ плей-оффқа өте алмады. Олар 28-орынға көтерілді, алайда тур аяқталған соң төмендеуі мүмкін.
"Олимпиакос" екі жеңіс, бір тең ойын және үш жеңіліс нәтижесімен топ-20-лықты түйіндеп тұр. Плей-офф кезеңіне 22 үздік команда шығады.
Айта кетейік, грекиялық клуб УЕФА Жасөспірімдер лигасының 2023/24 маусымының жеңімпазы атанған. Өткен маусымда бұл титулды испаниялық "Барселона" иеленген.