Төрешілер жығып берді: ІВА енді қазақ боксшыларын "жазалауға" көшті ме?

Төрешілер жығып берді: ІВА енді қазақ боксшыларын "жазалауға" көшті ме?

фото: IBA

Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында 80 келі салмақта өнер көрсеткен Ерасыл Жақпеков 1/8 финалда ресейлік Джамбулат Бижамовты анық басымдықпен жеңсе де, төрешілердің шешімі бойынша жарысты жалғастыра алмады, деп жазады Sportinside.kz.

Қазақстан құрамасы осылайша аталмыш әлем чемпионатындағы алғашқы сәтсіздігін тіркеді.

Sports.kz порталының жазуынша, бір жағынан бұл секілді даулы шешімдерге моральдық тұрғыдан дайын болу керек еді, екінші жағынан – мұндай өрескел әділетсіздіктің бір-ақ рет болатынына сену қиын. Турнир барысында мұндай жағдайлар әлі де қайталануы әбден мүмкін.

Бокста жекпе-жек шамалас өтсе, жеңісті қарсыласқа беру – үйреншікті жағдай. Бірақ бір боксшы екіншісінен басым түсіп тұрған айқаста қолды жеңілген спортшыға көтеріп беру – кәсіби этика тұрғысынан да, спорттық адалдық тұрғысынан да қабылдауға қиын.

Бірінші раундта-ақ бәрі белгілі болды

Ерасыл Жақпеков жекпе-жектің алғашқы секундынан бастап қарсыласын жан-жақты қысып, анық әрі ауыр соққылармен басымдық көрсетіп отырды. Қазақ боксшысының солақай тік соққылары жиі дәл тиді. Ал әлем чемпионатының 2021 жылғы күміс жүлдегері Бижамов тек джебпен жұмыс істегенімен, раунд соңында ғана қарымта беруге тырысты. Бұл раунд Ерасылдың пайдасына 5:0 аяқталуы тиіс еді. Алайда, тек Молдова төрешісі ғана объективті бағалаған. Қалған төрешілер батылдық танытпай, раундты ресейлікке жазып берді.

Ең тартысты раунд – екінші раунд

Бұл раунд екі жаққа да берілуі мүмкін еді. Бижамовтың да бірнеше дәл соққысы тиді. Осы жолы төрешілер әділеттілік танытып, раундты Жақпековке 3:2 есебімен берді. Үшінші раундқа төрт төрешінің карточкасында – тең есеп.

Үшінші раунд – толықтай Жақпековтің үстемдігі

Бұл раундта Ерасыл қарсыласын мүлдем шайқалтып жіберді. Бір минуттың ішінде Бижамов алдыңғы алты минутта алған соққылардан да көп соққы жіберіп алды. Екі ауыр солақай соққыдан соң ресейлікке нокдаун есептелді. Ол әрең дегенде аяғында тұрды.

Тіпті рефери нокаут жариялауға да толық негіз бар еді. Бірақ керісінше, Жақпековті "қарсыласын ұстап тұрды" деп ескертіп, Бижамовқа қалпына келуге уақыт берді.

Соған қарамастан Ерасыл раундты тас-талқан басымдықпен аяқтады. Әр логикамен, әр әділетті төрешілікпен – 5:0 болуы тиіс еді.

Нәтижесінде… 4:1 – Бижамовтың пайдасына шешілді.

Тіпті адалдық танытқан жалғыз Молдова төрешісі де бұл жолы ресейлікке 29:28 есеп қойып, бәрін бүлдірді.

Бұл чемпионаттағы алғашқы өрескел әділетсіздік болса да, соңғысы емес екені анық. Кімнің бұл процесті басқарып отырғанын жұрт жақсы біледі. Осыған қарап-ақ, неге Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-мен жұмыс істегісі келмейтінін және оның чемпиондарын неге мойындамайтынын түсінуге болады.