фото: kff.kz. Суретте: футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Али Алиев
Бүгін, 8 маусымда Астанада футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Али Алиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Келесі матч – 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі Солтүстік Македонияға қарсы кездесу алдында журналистер бас бапкерден Беларусь құрамасынан 1:4 есебімен жеңілген ойынына қатысты пікірін сұрады.
"Бұған дейінгі баспасөз мәслихатында жас құрам жасақтау туралы айттыңыз. Сол кезде «жас ойыншыларды шығарып, 0:7 есебімен жеңілсек, олардың психологиясына кері әсер етеді» деген едіңіз. Бірақ Беларуське қарсы матчта орташа жасы 30-дан асқан ойыншылар алаңға шықты және команда 1:4 есебімен жеңілді. Бұл жеңіліс командаға қалай әсер етті? Қанат қайырды ма, әлде керісінше, мотивация болды ма?" – деген сұрақ қойылды.
Али Алиев бұл сауалға нақты жауап қайтарды:
«Жоқ, ешқандай түңілу болған жоқ. Қанатымыз қайырылған жоқ. Жігіттер бәрін түсінеді. Бұл циклде кім қанша ойнайтыны, қанша жаттығу жасайтыны алдын ала жоспарланған. Жеңістің де, жеңілістің де себебі бар. Киім ауыстыру бөлмесінде мен нағыз ерлерді көрдім – олар бәрін абыроймен қабылдады. Иә, жеке қателіктер болды. Бірақ Кенжебектің голын еске түсірейікші – позициялық шабуылда Мартыновичті алдап, гол соқты. Бұл – оң нәтижеге мысал. Біз осындай сәттерден мотивация алуымыз керек. Жеңіліс – біз үшін сын-қатер», – деді бас бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 9 маусым күні Астанадағы "Астана-Арена" стадионында Солтүстік Македониямен кездеседі. Ойынның басталуы – астана уақытымен сағат 19:00.