"Жатқа жығып бермей, қасымнан табылды": Жәнібек Әлімханұлы шұғыл мәлімдеме жасады (ФОТО)

Бүгін, 10:53 / Ахмет Қанатұлы
Yong Teck Lim/Getty Images. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы соңғы күндері қозғалған допинг дауына байланысты әлеуметтік желіде жанкүйерлеріне арнайы үндеу жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Боксшы өзінің мансабында ең қуантатыны – өзіне жаман ниетті адамдар емес, елдің намысын ойлайтын жанкүйерлердің топтасуы екенін атап өтті.

"Менің бір қуанататыным, бокс мансабымда жаман жанкүйер жинамаппын! Мен қазаққа болысатын, қазақ үшін жаны ауыратын, қазаққа жақтасатын жанкүйер жинаппын!" – деп жазды боксшы.

Әлімханұлының сөзінше, нағыз жанкүйер жеңісте ғана емес, қиын сәтте де қасында қалатын адам.

"Менің жанкүйерлерім көк ту желбірегенде ғана емес, қиындықта да қолдайтынын көрсетті. Бұл – спортшы үшін үлкен бақыт", – деді Жәнібек Әлімханұлы.

Жәнібек өзіне сенім білдірген жанкүйерлер мен спортшыларға ризашылығын жеткізді. Ол шетелдік басылымдар мен жанкүйерлер дау-дамайды ушықтырған кезде, өз елінің дереу қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.

"Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазақғам оларға қосылмай, жатқа жығылмай, қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен!" – деді Жәнібек Әлімханұлы.

Еске салайық, чемпиондық жекпе-жекке дайындық кезінде Жәнібек Әлімханұлы допинг қолданды деген күдікке іліккен. Боксшы бұл айыптауды жоққа шығарып, өзінің аты-жөнін ақтау үшін барлық заңды шаралар жасалып жатқанын мәлімдеген.

Тэгтер:

Бокс Жәнібек Әлімханұлы допинг