Белгілі заңгер Жохар Өтебеков қоғамда үлкен резонанс тудырған Шерзат Полат ісіне байланысты тағы бір маңызды пікірін білдірді. Бұл жолы ол Қаржаубай Нұрымовтың сот процесіне толық қатыспауы және Айтым Нүкеновтің оған қатысты әрекеттері туралы өз көзқарасын ортаға салды. Сонымен қатар, адвокаттар тарапынан жіберілген кәсіби этикаға қайшы әрекеттерге де ерекше тоқталды.
«Қаржаубайды қорқыту – заңсыз әрі қажетсіз әрекет»
Өтебековтің айтуынша, Қаржаубай Нұрымовтың сотқа қатыспауы – заңмен рұқсат етілген, әрі моральдық тұрғыдан түсінуге болатын шешім. Жәбірленушінің өтініші бойынша, сот оны процеске толық қатысудан босата алады.
«Соттар мұндай өтініштерге түсіністікпен қарайды. Мен өз тәжірибемде жәбірленушілерге қатысты ондай қиындықтармен кездеспедім», – деді ол.
Алайда Айтым Нүкеновтің Қаржаубайды сотқа мәжбүрлеп қатыстыру туралы әрекеті Өтебековтің ашуын тудырған.
«Мен түсінбеймін, олар неге Қаржаубайды осылай қорқытты? Әсіресе Айтым Нүкеновтің бұл мәселені көтеруі – мүлде қисынсыз. Ол бұл саланың маманы емес, әрі ешқандай құқықтық білімі жоқ адам. Ол өзін бүкіл сұхбат бойы заңгер сияқты ұстап, түрлі заң терминдерін түсіндіріп, жұртты адастырды. Кем дегенде, 'мен заңгер емеспін' деп ескертіп айтуы керек еді», – дейді Жохар Өтебеков.
«Бұл – құқық қорғау саласын мүлде құнсыздандыру»
Адвокат бұл жағдайды тек заңдық емес, кәсіби этика мен қоғамдық сенім тұрғысынан да қауіпті құбылыс ретінде бағалады.
«Мен құқықтық білімі жоқ көптеген лайықты құқық қорғаушыларды білемін. Бірақ олар тек ұйымдастыру жұмыстарына араласып, заңдық процеске араласпайды. Ал заң терминдерін түсіндіріп, процесті бұрмалау — бұл құқық қорғау ісін түгелдей құнсыздандыру», – дейді Өтебеков.
«Адвокаттардың клиенттері туралы айтуы – сатқындық»
Сұхбатта Жохар Өтебеков адвокат Асылбек Абдраимовтың Қаржаубай Нұрымов пен оның отбасы туралы жария түрде айтқан мәлімдемелерін өте ауыр сынға алды. Оның айтуынша, адвокаттың клиентінің әрекеттерін сипаттап, тергеу барысындағы мәліметтерді айтуы — адвокаттық қызметке сатқындық.
«Адвокат Абдраимов Қаржаубай мен оның отбасының әрекеттері туралы айтып, оларды “заңсыз митингке қатысты”, “ұсақ бұзақылық жасады” деп ашық айтты. Ол тіпті “Қаржаубай полицей көлігіне пышақпен шабуылдады” деді. Бұл – тергеу құпиясын ашу ғана емес, тікелей клиентке сатқындық», – деді ол.
Жохар Өтебеков бұл сәтте өзіне: «Ол шынымен адвокат па? Әлде айыпталушының адвокатымен шатастырып отырмын ба?» деген ой келгенін жасырмады.
«Бұл – нағыз адвокаттық этиканы таптау. Мұндай әрекет – мамандыққа сатқындық, адвокатураны толықтай дискредитациялау», – деді ол ашынып.