фото: t.me/olympickz. Суретте: Геннадий Головкин
Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) енгізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше белгілі болғандай, GGG 2026 жылғы құрметті тізімге алғашқы дауыс беру нәтижесінде-ақ енгізілді. Онымен бірге "Заманауи боксшылар (ерлер)" санатында Антонио Тарвер мен Найджел Бенн де даңқ залына енген. Ресми марапаттау рәсімі келесі жылы жазда өтеді.
Головкин ESPN-ге берген пікірінде бұл жетістіктің оның мансабындағы ерекше орын алатынын айтты:
"Бұл – кез келген боксшы үшін ең үлкен құрмет. Менің мансабымдағы соңғы мозаика тасты орнына қойғандай сезім. Бокста өз мұрамды қалдырғаныма мақтанамын", – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің және World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады.