"Жәнібектің жолы жабылды": Назым Қызайбайдың бапкері ел күтпеген шындықты ашты

"Жәнібектің жолы жабылды": Назым Қызайбайдың бапкері ел күтпеген шындықты ашты

фото: Yong Teck Lim/Getty Images. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Жәнібек Әлімханұлының Эрисланди Ларамен өтетін жекпе-жегі допинг дауына байланысты тоқтатылғаннан кейін, қазақ боксшысының болашағына қатысты сан түрлі пікір айтыла бастады. Солардың ішінде аса қатқыл баға бергендердің бірі — Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әйгілі боксшы Назым Қызайбайдың алғашқы ұстазы Жұмабек Өмірзақов. Ол sportarena.kz басылымына берген сұхбатында жағдайға өз көзқарасын білдірді.

Допинг-тест нәтижесінде Жәнібектің ағзасынан 2016 жылдан бері тыйым салынған мельдоний табылған. Бұл препарат жүрек бұлшықетінің жұмысын жақсартатыны белгілі.

Жұмабек Өмірзақовтың пікірінше, бұл жағдай чемпионның мансабына аса ауыр соққы болуы мүмкін:

"Меніңше, мұны Жәнібектің өзі ойлап тапты деп ойламаймын. Командада біреу айтқан немесе сырттан бір кеңес естіген болуы мүмкін. Ол Ларамен 12 раундтық тартысты айқас күтіп тұрғанын білді. Мұндай жекпе-жек үшін өте мықты кардио қажет. Жәнібек толық дистанцияны алып шығудың қиындығын сезді. Себебі Лара – кубалық мектептің өкілі, 42 жасында болса да шапшаңдығы бар, тәжірибесі мол боксшы. Соның әсерінен мельдонийге жүгінген болуы мүмкін. Енді онымен жұдырықтасуға көп адам құлықсыз болады. Меніңше, ол өзіне өзі үкім шығарып қойғандай", – деді бапкер.