фото: No Limit Boxing. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлының алдағы жекпе-жегінің оның допинг-тест нәтижесіне байланысты тоқтатылғанын растады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Вице-министрдің айтуынша, спортшының сынамасынан тыйым салынған легендрон заты табылған. Осы жағдайға байланысты Жәнібектің жекпе-жегі шұғыл түрде тоқтатылған.
"Өкінішке қарай, бүгін Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі тоқтатылғаны туралы хабар жетті. Оның сынамасынан тыйым салынған допинг – легендрон анықталған. Қазір Жәнібек пен оның командасы бізбен байланыста", – деді Серік Жарасбаев.
Сондай-ақ ол мұндай жағдайдың спорт саласының беделіне кері әсер ететінін атап өтті.
"Осындай жағымсыз жағдайлар жалпы бокстың да, спорттың да имиджіне әсер ететіні түсінікті. Бірақ бұған дейін айтқанымдай, біз Жәнібек Әлімханұлының командасына сенеміз. Олар препараттың ағзаға қалай түскенін анықтап, тиісті ұйымға түсіндіре алады деп ойлаймыз", – дейді вице-министр.
Министрліктің мәліметінше, Жәнібек командасы толық түсіндірме дайындап, істің барлық рәсім бойынша қаралуына қол жеткізуді жоспарлап отыр. Олар спортшының кінәсіз екенін дәлелдеуге немесе тыйым салынған заттың ағзаға қалай түскенін нақтылы анықтауға ниетті.