фото: ашық дереккөзден
Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, еліміздегі диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеткізді.
"Түнде қызы хабарласып айтты. Ыстамбұлла емге апарған екен отбасы. Бейсенбі күні Ыстанбұлдан таңғы рейспен алып келеді. Жаназасы 5 желтоқсан күні, Астана қаласындағы жаңа мешітте өтеді. Иманды болсын", – деп жазды М. Әбенов.
Жабайхан Мүбәрәкұлы 1933 жылдың 16 ақпанында Павлодар облысы Май ауданының Майтүбек ауылында дүниеге келген. Ол – төрт томдық "Диалектикалық логика" еңбегінің авторы.
Ғалымның жетекшілігімен диалектикалық логиканың категориялары, заңдары мен принциптерін жан-жақты талдаған көптеген ұжымдық монографиялар жарық көрді.
Өз өмірінде ол 10 ғылым докторын және 40-қа жуық ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған.