"Жәнібектің мансабы аяқталады": Қазақ батырына қатысты шұғыл шешім шықты

"Жәнібектің мансабы аяқталады": Қазақ батырына қатысты шұғыл шешім шықты

фото: Yong Teck Lim/Getty Images. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

2025 жылдың соңындағы орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 КО) арасындағы басты жекпе-жек ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында 6 желтоқсанда өтуі тиіс жекпе-жекке үш күн қалғанда қазақ чемпионының ағзасынан мельдоний табылды.

Sports.kz республикалық интернет-порталы Жәнібектің мансабына қатысты болжам жасады.

Жәнібек Әлімханұлының допинг-тесті оң нәтиже көрсеткенін алғаш болып The Ring басылымының журналисі Майк Коппингер хабарлады, бірақ ол кезде жағдайдың қаншалықты ауыр екені анық емес еді. ESPN телеарнасының инсайдері Дэн Рафаэльдің ақпаратынан кейін 20 минуттан соң бәрі ушыға түсті.

Одан әрі журналист өз жазбасына VADA-дан келген хатты қоса берген, онда боксшы допингке қарсы ұйым қызметкерлерінің екінші сынама алуы кезінде оң допинг-тест тапсырғаны көрсетілген. Жәнібек Әлімханұлының өзі тыйым салынған препаратты қабылдауды жоққа шығарады.

Турнир ұйымдастырушылары Лараға жедел түрде басқа қарсыласты тапты. Ол венесуэлалық Йохан Гонсалес (36-4, 34 КО) болды.

Тыйым салынған препарат ретінде мельдонийдің спорт ортасында аты жаман. Бұрын оны спортшыларға қабылдауға заңды түрде рұқсат етілген. Оның әсері қандай? Мельдоний жұмыс қабілетін арттырады, психикалық және физикалық шамадан тыс жүктеме белгілерін азайтады, төзімділікті арттыруға ықпал етеді. Препарат асқазан-ішек жолынан сіңеді.

Алайда, Кёльн зертханасындағы зерттеулерден кейін мельдоний гормондар және метаболизм модуляторлары класына жатқызылды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап препаратты спортшыларға қолдануға тыйым салынды, ал ережені сақтамағандарды төрт жылға дейін бокстан шеттетеді.

Соңғы жылдары спорт жұлдыздарының ішінде онымен кімдер ұсталмады дейсіз?! Теннисші Мария Шараповадан бастап, боксшы Александр Поветкинге дейін... Мельдонийдің соңғы "құрбаны" – бір жылдан астам уақыт футболдан тыс қалған "Челси" мен Украина құрамасының вингері Михаил Мудрик.

Енді Жәнібекте қандай нұсқалар бар? Қысқаша айтқанда, бірі – жаман, екіншісі – өте жаман. Бірінші жағдайда, тиісті тергеуден кейін Әлімханұлы белбеулерінен айырылуы мүмкін. Біреуінен бе, әлде екеуінен бе, айту қиын. Бәлкім, екеуінен де. Өте жаман нұсқа – қазір мельдониймен қатаң күрес жүріп жатыр, сондықтан Әлімханұлына ұзақ мерзімді дисквалификация шынымен де қауіп төндіреді. Ол бірнеше жылға созылуы әбден мүмкін. Қазақ чемпионының адвокаттары сотта клиентін ақтап шықса, бұл нағыз ғажайып болар еді. Бірақ ізін суытпай айтуға болатын бір нәрсе анық – мансабындағы басты жекпе-жекке санаулы күндер қалған сәтте Жәнібектің карьерасы қыл үстінде тұр.

Егер Жәнібек Әлімханұлының допинг қолданғаны ресми түрде дәлелденсе, бұл оның үлкен мансабының аяқталғанын білдіреді...