Қазақ боксшысы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының орнына WBA чемпионы Эрисланди Лараға жаңа қарсылас анықталды. Енді оның қарсыласы – венесуэлалық боксшы Йохан Гонсалес, деп хабарлайды Sportinside.kz.
ESPN тілшісі X (бұрынғы Twitter) желісінде:
"PBC арқылы расталды: Жәнібек Әлімханұлы VADA тестінен өте алмаған соң, енді Эрисланди Лара сенбі күні Йохан Гонсалеспен жекпе-жек өткізеді", – деп жазды.
Бастапқыда орта салмақта үш чемпиондық белбеу үшін өтетін біріккен айқас 7 желтоқсан күні АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренасында өтуі тиіс еді.
Алайда кейін АҚШ тарапынан Жәнібек Әлімханұлының допинг-тест нәтижесі оң шыққаны жөнінде ақпарат тарады. Осыған байланысты жекпе-жек ресми түрде тоқтатылды.
Айта кетейік, 27 жастағы Йохан Гонсалестің кәсіби бокстағы рекорды – 36 жеңіс (оның 34-і нокаутпен) және 4 жеңіліс.