фото: Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Әлішер Ерғали
Алматыда ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жарысқа әлем және Азия біріншіліктерінде топ жарған бірнеше мықты балуан қатысуда. Олардың қатарында әлем чемпионаттарының төрт дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлы, жастар арасындағы әлем чемпионы Исхар Құрбаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді және тағы басқа танымал спортшылар бар.
Турнирдің басты сенсациясы – еркін күресте танымал, Азия чемпионаттарының төрт дүркін жүлдегері және екі Олимпиадада ел намысын қорғаған Әлішер Ерғалидің (125 кг) грек-рим күресіне қатысу туралы шешімі болды. Спортшының өзі биыл екі стильде – еркін және грек-рим күресінде қатар бақ сынауды жоспарлап жүргенін айтты.
Турнирдің алғашқы күнінде Әлішер Ерғали финалға жолдама алды. Шешуші белдесуде ол Шымкенттен келген Джохар Узаровпен кездеседі. Жартылай финалда Әлішер Ерғалиге бұл салмақтағы Қазақстан құрамасының бірінші нөмірі Әлімхан Сыздықов қарсы тұрды. Қызу тартыс нәтижесінде Әлішер Ерғали 6:1 есебімен жеңіске жетті.