фото: olympic.kz. Суретте: Елдос Сметов
Қазақстандық дзюдо жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық! Олимпиада ойындарының толық жүлде жиынтығына ие болған даңқты балуан Елдос Сметов татамиге қайта оралмақ. Оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевтің айтуынша, спортшы 2025 жылдың соңында Токиода өтетін беделді «Гранд-Слэм» турнирінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр, деп Sportinside.kz тілшісі журналист Ақерке Өмірханқызының TikTok желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Елдостың денсаулығында біраз емдеуді қажет ететін жерлері бар. Қазір толық медициналық тексеруден өтіп, ем-дом қабылдап жатыр. Барлығы сәтті өтсе, жаттығуды қайта бастап, 2025 жылдың соңында Токио татамиінде күресуге толық дайын болады», – дейді Ғалымжан Жылгелдиев.
Бапкердің сөзінше, Елдостың үлкен спортқа оралуы – тек ел намысын қорғау ғана емес, сонымен қатар жас балуандар үшін үлкен мотивация көзі болмақ.
«Менің үлкен бір арманым – Елдос татамиге алтын жазуы бар кимономен оралып, тағы бір мәрте ел абыройын асқақтатса. Бұл сәт тек біздің команда үшін емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін мақтаныш болар еді», – деп бөлісті жаттықтырушы.
Елдос Сметов – тарихи тұлға
Елдос Сметов – Қазақстан дзюдо тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Ол:
2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында күміс жүлде,
2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола жүлде,
2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтын жүлде жеңіп алып, толық жүлде жиынтығына қол жеткізген санаулы қазақстандықтардың бірі болды.