фото: ашық дереккөзден
Бокстан Францияның екі мәрте вице-чемпионы атанған Исхак Беншакал Париж маңында оққа ұшып, қайтыс болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
24 жастағы спортшының денесі 26 қарашаға қараған түні Дранси қаласының маңынан табылған. Оның мойнына және кеуде тұсына төрт бірдей оқ тигені анықталды.
Жасөспірім кезінде Беншакал Нансидегі аймақтық спорт орталығына барып, ұлттық құраманың қатарына қосылу ұсынысын алған. Алайда ол бұл мүмкіндіктен бас тартқан, әрі бұл шешіміне еш өкінбегенін айтқан.
2018 және 2019 жылдары ол Францияның әуесқойлар арасындағы вице-чемпионы атанып, кейін кәсіби боксқа өтуді жоспарлаған. Бірақ коронавирус пандемиясы оның мансабына кедергі болды. Соңғы жекпе-жегін 2024 жылы өткізген.
Соңғы жылдары боксшының өмірінде қиындықтары көбейген. Полиция дерегінше, ол бұған дейін ақша бопсалау ісі бойынша бір жарым жылға сотталған. Сондай-ақ жақында есірткіге қатысты іс бойынша сотқа тартылуы тиіс болған.
