фото: "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі. Суретте: Кирилл Кекер
46 жасында "Қайрат" футбол академиясының жетекшісі, бұрын негізгі құрамның бас бапкері болған Кирилл Кекер дүниеден озды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Клубтың ресми хабарламасында Кекердің бүгін, 46 жасында өмірден өткендігі айтылды.
"Бұл бүкіл клуб үшін орны толмас ауыр қаза. Он жылдан астам уақыт бойы ол "Қайрат" жүйесінің ең маңызды тұлғаларының бірі болып, қазақ футболының даму бағытын анықтауға үлес қосты. Кирилл Сергеевич – өз ісіне адал кәсіби маман, талапшыл әрі әділ ұстаз, жас ойыншылардың мүмкіндігін аша біліп, ең жауапты сәтте оларға қолдау көрсеткен жан. Оның академияға, негізгі командаға және Қазақстан U-19 құрамасына сіңірген еңбегін бағалау қиын", – делінген хабарламада.
Клуб оның әр жылдары құрылымдағы маңызды қызметтер атқарғанын атап өтті.
"2022-2024 жылдары ол "Қайраттың" негізгі құрамын басқарды. 2025 жылы академияның жетекшісі атанып, сонымен бірге Қазақстан жасөспірімдер құрамасы U-19 командасымен жұмыс істеді. Осылайша ол еліміздің жаңа буын футболшыларын тәрбиелеуді жалғастырды", – деді клуб өкілдері.
Бұған дейін хабарланғандай, Кекер 2022 жылы "Қайраттың" тізгінін ұстаған. Оның басшылығымен команда 29 жеңіс, 15 тең ойын және 16 жеңіліс тіркеген. Сол кезеңде клуб академиясынан тәрбиеленген 13 ойыншы негізгі құрамда дебют жасаған.