"Оңай іс емес": Головкинге қазақтың даңқты боксшысы ел естімеген шындықты айтты

"Оңай іс емес": Головкинге қазақтың даңқты боксшысы ел естімеген шындықты айтты

фото: instagram.com/serikkonakbayev_official

Кәсіпқой және әуесқой бокста аты аңызға айналған қазақстандық спортшы Серік Қонақбаев World Boxing ұйымының жаңа президенті Геннадий Головкинге қолдау білдірді. Ол GGG алдындағы міндеттердің күрделілігін айтып, оның бұл жолды абыроймен атқаратынына сенім білдірді, деп хабарлайды Kazinform.kz.

Қонақбаев Головкиннің функционер ретіндегі тәжірибесін, сондай-ақ Қазақстан Олимпиадалық комитетінің басшысы ретіндегі жұмысын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, дұрыс жоспарлау мен тиімді менеджмент арқылы Головкин алдына қойылған міндеттердің бәрін орындай алады.

"Егер Геннадий өз бағдарламасын толық жүзеге асырса, онда бокстың Олимпиада ойындары бағдарламасында қалуы мәселесі түбегейлі шешіледі. Мұнда тек келіссөздер жүргізу жеткіліксіз, рингтегідей нәтижемен, атқарылған іспен оппоненттерін сендіру қажет", – деді атақты боксшы.

Серік Қонақбаев жаңа президентке табыс тілеп, Головкинді үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын атап өтті.

"Ең алдымен оған сәттілік пен таусылмас энергия тілеймін. Геннадийді алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бұл – ұйымдастырушылық және құрылымдық мәселелерден бастап, қаржылық бағытқа дейінгі үлкен шеңбер. Бұл оңай жол емес, оны ол серіктестерімен және білікті командасымен бірге еңсеруі керек. Ал қазақстандықтар өз чемпионын әрдайым қолдайды деп сенемін", – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қараша күні өткен Конгрессте Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Ол боксты дамыту, әділдік пен теңдікті қамтамасыз ету және спортшылардың құқығын қорғау бағытында жұмыс істейтінін мәлімдеген.