Қазақ қыздары әлем чемпионатында қос алтынды қанжығаға байлап, тарих жасады

Қазақ қыздары әлем чемпионатында қос алтынды қанжығаға байлап, тарих жасады

фото: FIDE баспасөз қызметі. Суретте: Меруерт Камалиденова

Испанияның Линарес қаласында әйелдер арасындағы 2025 жылғы командалық әлем чемпионаты аяқталды. Бұл додада Қазақстан құрамасының өкілдері жеке есепте екі алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жарыс қорытындысы бойынша FIDE құрамасы бірде-бір кездесуде жеңілмей, әлем чемпионы атанды. Әзербайжан командасы тарихтағы алғашқы күміс медалін жеңіп алса, Қазақстанды қос матчтық дуэльде басып озған Қытай құрамасы үшінші орынға көтерілді.

Финалда Ресей спортшыларынан жасақталған FIDE командасы Әзербайжанды жалпы 5,5:2,5 есебімен айқын ұтты.

Қола медаль үшін өткен матчта Қытай Қазақстаннан 5:3 есебімен басым түсті. Бұл нәтиже екі матчта да 2,5:1,5 есебінің тіркелуінен кейін шықты.

Соған қарамастан, Қазақстан құрамасының көрсеткіші жоғары бағалануда. Өйткені команда көшбасшысы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева (2513) денсаулығына байланысты жарысты толық өткізбеді.

Бірақ қиындықтарға қарамастан, қазақстандық шахматшы қыздар елге жүлдемен оралады. Жеке есепте екі спортшымыз алтын медаль алды. Екінші тақтада үздік нәтиже көрсеткен Меруерт Камалиденова жарыстың чемпионы атанды.

Оның жетістігін алтын алған тағы бір шахматшы – алтыншы тақтада үздік шыққан Эльназ Қалиахмет (2274) қайталады. Ал бесінші тақтада сынға түскен Зарина Нұрғалиева (2310) Қазақстан құрамасына қола медаль сыйлады.