фото: Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Мейірлан Максим
Будапештте (Венгрия) өткен 2025 жылғы дзюдодан әлем чемпионатынан шығып қалғаннан кейін қазақстандық спортшы Мейірлан Максим жанкүйерлеріне үндеу жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
90 келіге дейінгі салмақта белдескен дзюдошы жарысты 1/8 финал сатысында аяқтады. Бұл кезеңде ол Жапонияның өкілі, төрт дүркін әлем чемпионы (соның үшеуі – командалық жарыста) Гоки Тадзимадан мерзімінен бұрын жеңіліп қалды. Белдесу барысында Мейрлан жарақат алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады.
Спортшы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеме жасады:
«Баршаңызға рақмет! Маған қолдау көрсетіп жатқандарыңызды көремін, өзімде бәрі жақсы. Бұл турнир – мен үшін ең алғашқы ірі жарыстардың бірі болды. Сондықтан келесі жолы бүгінгіден де мықты күйде ораламын. Келесі біріншілікте міндетті түрде алтын медаль аламын», – деп жазды дзюдошы.