Жетісайдағы өрттен кімдер аман қалғаны белгілі болды

Жетісайдағы өрттен кімдер аман қалғаны белгілі болды

фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы, Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған алапат өрттен бір ғана отбасының үш мүшесі тірі қалды.

Аман қалғандардың қатарында – 39 жастағы ер адам, оның 34 жастағы әйелі және 7 жастағы қызы бар. Үшеуі де қазір аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, олардың біреуі есін жиған, ал жалпы жағдайы тұрақтанған.

Қайғылы жағдай 17 қарашадан 18 қарашаға қараған түні болған. Алдын ала анықталған дерек бойынша, сол түні үйде екі отбасы қонақтап жатқан. Лап еткен өрт бірнеше минуттың ішінде бүкіл үйді шарпып, 15 адамды отқа шырмап алған.

Өкінішке қарай, бір әулеттің 12 мүшесі ажал құшты. Қаза тапқандардың арасында 9 бала мен 3 ересек бар.

Бұған дейін полиция 60 жастағы әйел, оның 39 жастағы ұлы және 7 жастағы немересі аман қалды деп хабарлаған еді. Алайда кейін Денсаулық сақтау министрлігі әжейдің ауруханада көз жұмғанын нақтылап, тірі қалғандардың – бір отбасының үш мүшесі екенін хабарлады.

Admin
Admin
Автор