фото: FIDE баспасөз қызметі
23 қарашаға қараған түні Қазақстан мен Әзербайжан әйелдер құрамалары арасындағы командалық шахмат бойынша әлем чемпионатының жартылай финалдық кездесуі өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Шахмат жанкүйерлерінің пікірінше, бұл матч әйелдер командалық шахмат тарихындағы ең тартысты, ең эмоциялы ойындардың бірі болды. Қазақстан құрамасы тек тай-брейкте жол беріп, жеңіс Әзербайжанға бұйырды.
Тай-брейк нәтижесі – 3:1. Төрт блиц-партия аса қиын әрі жүйке жұқартқан жағдайда өткен.
Ал екінші жартылай финалда FIDE туы астында өнер көрсететін Ресей шахматшы қыздары Қытай құрамасын жалпы есеп бойынша 2:0 есебімен жеңді.
Осылайша, 23 қараша кешінде әлем чемпионы атағы үшін Ресей мен Әзербайжан кездеседі. Ал Қазақстан мен Қытай үшінші орынға таласады.
Турнир регламентіне сәйкес, әр кездесу іріктеу кезеңіндегі сияқты екі матчтан тұрады: әр шахматшыға партия соңына дейін 45 минут, сондай-ақ алғашқы жүрістен бастап әр жүріске +30 секунд қосылады.