фото: ашық дереккөзден
Астанада жарақат алған адамдарға көмек көрсету кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы өз жүрегіндегі ауыр қайғысын бөлісіп, елге алғысын білдірген жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Марқұмның жолдасы, дәрігер Әділет Зейнел, өмірлік жарына арналған қоштасу хатын жариялап, оның отбасыға әкелген қуанышы мен жарықты жүрек тебірентер сөздермен жеткізді.
"Шаңырағыма сән, тіршілігіме мән болдың... Маңдайыма сыймадың ба, періштем? Сен менің мәңгі жүрегімдесің. Ешбір медаль да, ешбір сөз де менің жүрегімнің иесін қайтара алмайды. Үйіме нұр, құт, береке әкелген адал жарымды жоқтап, тілеуін тілеген бүкіл қазақ еліне алғысым шексіз. Осы күнге дейін жанында болып, Алладан оның жүрегін аман алып қалуды сұрап, дұға еттім. Сабыр сақтадым. Ендігі тілегім – соттың әділ өтуі, тергеудің таза жүргізілуі. Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін бұл істі соңына дейін жеткіземін. Жауаптылар міндетті түрде жазасын алуы тиіс!" – деп жазды ол.
18 қарашада ауыр жарақаттан есін жимаған Ұлдана Мырзуан ауруханада көз жұмды. Ол ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін арнайы медальмен марапатталды.
Еске салайық, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер конструкциясы опырылып түсіп, 5 адам жарақат алған болатын. Сол сәтте зардап шеккендерге көмектесіп жатқан фельдшер Ұлдананың үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен еді.