фото: Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Санжарәлі Бегалиев
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасы үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
80 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Санжарәлі Бегалиев жартылай финалда Ұлыбритания боксшысы Оладимеджу Шиттуге қарсы жұдырықтасты. Тартысты өткен жекпе-жекте жеңіс қарсыласына бұйырып, Санжарәлі Бегалиев жарысты қола медальмен тәмамдады.
+90 кг салмақ санатындағы Даниял Сапарбай да жартылай финалға дейін жетіп, үнділік Нарендерге қарсы шықты. Төрешілер шешімі бойынша жеңіс жергілікті спортшыға берілді. Осылайша Сапарбай команда қоржынына тағы бір қола жүлде салды.
Әйелдер құрамасының өкілі Әсел Тоқтасын да финалдық кезеңді қола медальмен аяқтады. Ол +80 кг салмақта өнер көрсетті. Жартылай финалда оның қарсыласы өзбекстандық Олтина Сотимбоева болып, жеңіс қарсыласына бұйырды. Әсел Тоқтасын турнирдің үшінші орын жүлдегері атанды.