фото: ашық дереккөзден
Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі «Астарлы ақиқат» бағдарламасында марқұм әнші Мәдина Ералиева туралы бұрын көпшілікке беймәлім болып келген деректерді айтып, оның жеке өміріне қатысты шындықты бөлісті.
Сазгердің айтуынша, Мәдина Ералиеваның режиссер Болат Атабаевпен қарым-қатынасы мен олардың ұлы Арсен жайлы шындық ұзақ жылдар бойы айтылмай келген.
«Мәдина Арсенді жайдан-жай, “күлге аунап” туған жоқ. Болат Атабаев — оның биологиялық әкесі. Арсенді көпшілік Мәдинаның баласы деп жүр, бірақ ол Болаттың ұлы. Екеуі бір-біріне ғашық болған. Болат — менің жездем, ал Мәдина — әпкемдей адам еді. Болат Атабаев — аңыз тұлға, қайраткер, ондай режиссер сирек», – деді Құрманәлі.
Композитор сондай-ақ Болат Атабаев пен оның баласын қалай табыстырғаны туралы да әңгімеледі.
«Астанада Мәдина Ералиеваны еске алу кешін ұйымдастырдық. Сол кезде Арсеннің үйіне барып, ұйықтап қалыппын. Кештің режиссері Болат Атабаев еді. Алғашында қатысқысы келмеді. Сонда “өткен шақта сөйлеме, сенің балаң бар” дедім. Арсенің үлкен ұлы Әлішер кішкентай болатын. Ол қайта-қайта “ата” деп келіп құшақтайды. Кейін Болатты ертіп барып, “Әлішер, міне, атаң” деп таныстырдым.
Жұрт Мәдинаның жары кім болғанын білгісі келетін. Сол кеште Болатты сахнаға режиссер ретінде шығарып, көпшілікке көрсеттік. Сондықтан Арсен туралы айтқанда, оның ата-тегін де ұмытпау керек. Бұл — текті әулеттің ұрпағы», – деді Құрманәлі.