Қазақ батыры Шавкат Рахмонов UFC чемпионына қарсы жекпе-жек өткізетін болды

Қазақ батыры Шавкат Рахмонов UFC чемпионына қарсы жекпе-жек өткізетін болды

фото: ашық дереккөзден

DAR Team командасының бас жаттықтырушысы Эдуард Базров шәкірті Шавкат Рахмонов пен UFC-дің жаңа жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев арасындағы кездесу туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Шавкат Исламды жеңісімен құттықтап, құрмет көрсетті және өз атын да еске салды. Қазір Ислам – өз салмағына қарамастан рейтингтегі бірінші нөмір. Мен оны UFC-дегі ең мықты файтер деп есептеймін. Бүгін ол жаңа салмақта чемпион атанып, өзінің деңгейін дәлелдеді", – деді Базров.

Ол Рахмонов пен Махачев арасындағы жекпе-жекке қатысты да ойын айтты.

"Махачев – Рахмонов жекпе-жегіне келсек, Шавкатқа алдымен ұзақ үзілістен кейін бір кездесу өткізіп, бабына келіп алу қажет. Әрі қарай не болатынын көреміз. Қазір жағдай тез өзгеріп жатыр. Ислам мен Топурия арасындағы жекпе-жекті қызу талқылауда. Шавкат дайындық үстінде, біздің мақсат – бабымызды жоғалтпай, қаңтар немесе ақпанда жекпе-жекке шығу", – деді жаттықтырушы.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы рет өткен жылдың желтоқсанында октагонға шығып, төрешілер шешімімен Иен Гэрриді жеңген болатын. Одан кейін ол Белал Мухаммедпен титулдық айқасқа шығуы тиіс еді, алайда ота жасатуға мәжбүр болып, кездесуден бас тартты. Оның орнына шыққан Джек Маддалена Белалды жеңіп, кейін титулды алғашқы қорғауда Ислам Махачевке есе жіберді.