"Екі қолы артына байлаулы адам өзіне қол жұмсай ма?" – Арман Дүйсеновтің жары Тоқаевтан көмек сұрады

"Екі қолы артына байлаулы адам өзіне қол жұмсай ма?" – Арман Дүйсеновтің жары Тоқаевтан көмек сұрады

фото: ашық дереккөзден

Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Айданқызы Алматы қаласы сотының шешіміне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, әділдік сұрады. Бұл туралы ол "TalkLike" бағдарламасында айтты.

Айсұлудың айтуынша, 2024 жылдың 7 қазанында 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен өз үйінде күмәнді жағдайда қайтыс болған. Марқұмның денесі екі қолы артына байланған, мойын тұсы да буылған күйінде табылған.

"Екі қолы артына кісенделген адамның өзіне қол жұмсауы мүмкін бе? Тергеу барысында түрлі деректер табылғанымен, нақты қорытынды жасалмады. Бостандық аудандық полициясы да нақты жауап бере алмады", – дейді ол.

Марқұмның анасы тергеу барысында маңызды айғақтар тіркелгенін, алайда істің толық ашылмай отырғанын атап өтті.

Сонымен бірге, 2025 жылдың 24 қазанында Бостандық аудандық соты Айсұлу Айданқызының өзін, 13 жастағы ұлын және 83 жастағы әкесін тұрып жатқан пәтерден шығару туралы шешім шығарған.

Оның айтуынша, пәтерге таласып жүрген азамат Мұқаш Санжар тергеу кезінде бұл баспананы сатып алмағанын, тек Абылайға 65 миллион теңге қарыз беріп, пәтерді кепіл ретінде алғанын мойындаған. Бұл ақпарат 2024 жылғы 15 қазан және 2025 жылғы 30 шілдедегі сот қаулыларында да көрсетілген.

"Сот сатып алу-сату келісімін жарамсыз деп тануы керек еді. WhatsApp-хаттамаларында Санжардың ақшаны жоғары пайызбен бергені анық көрініп тұр. Соған қарамастан, сот заңға сай емес шешім қабылдады", – деді Айсұлу Айданқызы.

Ол Президенттен істің әділ қаралуына ықпал етуін сұрап, ашық өтінішін былай аяқтады:

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сот төрелігінің әділ болуына қолдау көрсетуіңізді сұраймын".

Admin
Admin
Автор